Әйелдер арасында жеке жарыста жерлесіміз Айза Мамбекова тамаша ойын өрнегін көрсетті. Спортшы «Алматы Аренаның» мұз айдынына шыққанда залға жиналған жанкүйерлердің қошеметінен құлақ тұнды. «Ұлытау» тобының орындауындағы Дәулеткерей күйінің сүйемелдеуімен Айзаның орындаған тапсырмасы көрермендер рухын көтеріп тастады. Бірақ қорытынды есеп бойынша 13-ші орыннан көрінген жас спортшы «алар асуым әлі алдыда» деп отыр:
- Үлкен қателіксіз сырғанағаныма қуанып отырмын. Толқығаным рас. Барлығын мінсіз орындап шықтым деп айта алмаймын. Қысқа бағдарлама алдында толқуымның кесірінен осылай болды деп ойлаймын. Бұл мен үшін алдағы жарыстарда үлкен сабақ болмақ. Универсиадағы өнеріме өзімнің көңілім толды. Жанкүйерлердің маған деген қошеметін ешқашан ұмытпаспын. Жеке бағдарламаға ән мен киім үлгісін таңдауда ақыл-кеңестерін берген бапкерлеріме және ата-анама алғысымды айтамын.
Келесі айда Наганада өтетін Азия ойындарына қатысамын. Сол жерде барынша үлкен нәтиже көрсетуге тырысамын.
Бар күшімді жақсы өнер көрсетуге жұмсаймын. Ал болашақтағы арманым Олимпиада – 2018 ойындарына қатысу.