Алматыда «Универсиада рухын сезін» фотокөрмесі ашылды

2017 жылғы  3 наурыз. Алматы, Қазақстан. Бүгін «Универсиада рухын сезін» фотокөрмесінің  салтанатты ашылу рәсімі өтті.  Көрменің негізгі идеясы –  көрерменге Универсиада кезіндегі көңіл күй мен айрықша рухты қайта сезінуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ осы Қысқы ойындардың біздің жүрегімізде мәңгі сақталатынын тағы да еске салу. 

Жас фотосуретшілер -  Алексей Мальченко, Ольга Апельганец және Светлана Алейникова  28-ші Дүниежүзілік қысқы ойындар өткен спорт нысандарында естен  кетпес 10 күнді бастан кешірді. Олар спортшылар мен көрермендердің, Универсиада қонақтарының түрлі сезімге толы сәттерін тынбай суретке түсірді. Универсиада - соғылған гол, ұпай, секундтар ғана емес, спорт мерекесіндегі ерекше көңіл-күй. Осының бәрін фотокөрмеде тамашалауға болады.

- Өнердің өзге түрлері сияқты фотосурет әлемі де түрлі  жанрға бөлінеді. Қай-қайсысы да қызығушылық тудыратыны сөзсіз. Мұнымен таласу қиын. Бірақ оларды ұштастыруға бала ма? Өйткені портрет жасаудың майталманы  табиғаттың әсем көрінісін бейнелей алмайды деген пікір бар.  Сол сияқты студияда жұмыс істейтіндер фоторепортажға шамасы келмейді деп жатады. Бәлкім, солай шығар. Бәлкім, қолыңнан келетін іспен айналысқаның дұрыс шығар. Әйтсе де, кез келген сәтте жаңа бағытқа мойын бұрып, жай ғана суретке түсіріп қоймай, көрерменге сол бір ерекше сезім мен көңіл күйді қайта сыйлауға да болатын шығар? Осындай сауалға жауап іздей отырып, мен ағысқа қарсы жүруге бел байладым. Неліктен фотокөрме ұйымдастырып, жаңа бағыттағы алғашқы қадамымды ұсынбасқа? Мен «Московский комсомолец в Казахстане» газетінде шолушымын. Кейде   жұмысым фотосуретпен байланысты болса да,  фототілші емеспін. Бірақ идеяның тартымдылығы да сол ғой! – деп ағынан жарылды идея авторы Алексей Мальченко.

Идея авторы жанрды ұзақ таңдаған жоқ. Өйткені  дәл сол уақытта 2017 жылғы Универсиадаға қызу дайындық жүріп жатты.  Оның түрлі оқиғаға  толы болары сөзсіз. Спортшылар мен көрермен қауымның да небір сезімге бөленетіні  белгілі.

Бұрын кәсіпқой спортшы болған Ольга Апельганецтің бұл салаға келуінің өз себебі бар. Жарақат алған соң Ольга спортты тастауға мәжбүр болды. Содан кейін қолына фотоаппарат алып, жаңа мамандықты игеруге ден қойды.

Айта кеткен жөн, Универсиада кезіндегі көңіл-күйді паш ету идеясы алкогольсіз сусындар шығаратын әйгілі халықаралық өндіруші - Coca-Cola компаниясының қолдауына ие болды. Ол – Алматыда өткен Универсиада  серіктестерінің бірі. 

-  Coca-Colа ең әуелі Ойындарды ұйымдастыру комитетінің арқасында Қазақстан үшін естен кетпес оқиғаның бір бөлігі болды. Өз бизнесімізді жүргізіп отырған аумақтағы қоғамның жауапты азаматы және өз өнімін ұсынушы ретінде  ұлттық ауқымдағы осындай ірі шараларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Универсиада кезіндегі көтеріңкі көңіл күйді фотокөрме арқылы паш ету идеясы бізге ұнады. Өйткені ондағы теңдессіз суреттер сол кездегі шалқыған сезімді дәл бейнелеп, өзіңді бақытты сезінуге көмектеседі, - деді «Кока-Кола Алматы Боттлерс» компаниясы корпоративтік және реттеу қарым-қатынасы жөніндегі директоры Алма Исембаева.  

Спорттық бәсекедегі тартысқа, шалқыған шаттық пен қуанышқа толы сәттердің 120 көрінісі Promenade,  «Спутник» сауда және ойын-сауық орталығына қойылады. 3-7 наурыз аралығында фотокөрме Promenade, ал 8-12 наурызда «Спутник» сауда және ойын-сауық орталығында жұмыс істейді. 

- Сауда және ойын-сауық орталығының желісі мұндай тың идеяларды  қолдауға қашанда әзір. Универсиада өтіп кеткенімен, жұрттың жадында көпке дейін сақталатыны сөзсіз. Біз Алматы тұрғындары мен қонақтарын осы фотокөрмеге келіп, спорт мерекесіндегі тамаша сәттерді еске алуға,  сөйтіп Универсиада рухын сезінуге шақырамыз! – деп қорытындылады Promenade  өкілі Юлия Ким.