Алматыда Универсиада-2017 еріктілеріне құрмет көрсетілді

2017 жылдың 28 ақпаны - 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы дайындауға және өткізуге атсалысқаны үшін еріктілерге алғыс айтылды. Еріктілерді марапаттау салтанаты Алматыдағы Республика сарайында өтті.

Еріктілер алдында «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекция» басшысы Наиль Нуров сөз сөйледі: «Универсиаданы ұйымдастыруға көптеген адамдар атсалысты. Олардың ішінде нысандарда еңбек еткен еріктілер де бар. Студенттік ойындарды ұйымдастыру ісіне баға жетпес ерен үлес қосқан еріктілерімізге алғыс білдіреміз. Универсиада алдағы уақытта халықаралық іс-шараларды өткізу үшін Қазақстанда еріктілер қозғалысын қалыптастыруға көмектесті».

Кездесу кезінде еріктілердің барлығына ресми сертификаттар табысталып, үздік жұмыс жасаған жастар естелік дипломдармен марапатталды. Атап айтқанда, Айгерим Юзик «Ерлік іс» аталымында, ал Серік Есматов «Бойтұмармен бірге түсірілген ең үздік фотосурет» аталымында димплом алды. Аружан Әлімжан ең үздік үйлестіруші, ал Лейлі Мұқашева ең үздік ерікті деп танылды.

Еріктілер өз әсерлерімен бөлісіп, Универсиаданың олардың өмірінде алған орны жөнінде айтып берді. «Ойындарды ішінен көріп, жарыс рухын сезінуден үлкен қуаныш алдым. Бұл маған, бірінші кезекте, ең жарқын сезімдерді сыйлап, менің дүниетанымды кеңейтті», - дейді «Тұран» университетінің студенті Александра Гнатченко.

Естеріңізге салып өтсек, Универсиадаға атсалысқан 3000 ерікті өтінім жіберген 14 мыңнан астам үміткердің ішінен іріктеліп алынды. Олардың жұмысына тренингтер, дәрістер және спорт нысандарында квестен өтіп, тиісті дайындық алған 150 үйлестіруші жетекшілік етті. Еріктілер сан алуан қызмет түрлерімен айналысты, олардың көпшілігі спорт жарыстарындағы жұмыстарға атсалысты. Сондай-ақ, олар өткізуді бақылау қызметі, көлік, баспасөз қызметі, медициналық көмек, Атлеттер ауылы, көрермендермен жұмыс жасау, мәдени іс-шаралар, жайғастыру, аккредиттеу, қауіпсіздік, бас ақпараттық орталық секілді тағы да басқа жұмыс телімдерінде еңбек етті.

Еріктілер қозғалысы студенттік ойындардың жабылуымен аяқталған жоқ. Қазірдің өзінде «Еріктілер лигасының» қолдауымен 5 мыңнан аса кәсіби ерікті дайындалып отыр. Оларға арнап ағылшын тілін бастапқы деңгейде үйрету, ұжымдастыру және қалалық экскурсияларды өткізу бойынша курстар ұйымдастырылды.