2017 жылғы Универсиада Қысқы студенттік ойындар тарихында ең көп көрермендерді жинаған іс-шара болып танылды

Алматы, 2017 жылдың 10 ақпаны – Алматы қаласы соңғы 5 жыл бойы дайындалған айтулы іс-шара - 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың шымылдығы 8 ақпан күні жабылды. 2017 жылғы Универсиада Дирекциясының мәліметтері бойынша 117 спорт жарысына жалпы есеппен алғанда 236 мың 744 билет сатылған.

Қонақтар мен қатысушылардың бағалауынша, студенттік ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастрылғандықтан, көрермендер арасында орасан зор қызығушылықты тудырған көрінеді.

 FISU бас хатшысы Эрик Сайнтронд алған әсерлерімен былай бөлісті: «8 ақпан күні біз Жабылу салтанатында өте әсерлі шоуды тамашаладық, оған ҚР премьер-министрі және Алматы қаласының әкімі қатысты. Салтанаттан кейін біз ФИСУ командасымен, делегаттармен кездестік. Олардың барлығы 2017 жылғы Универсиаданың өткізілу деңгейіне өте риза екенін жеткізді. Ресей мен Қазақстан және де Канада мен Чехия хоккей командалары арасындағы ақтық шайқас өте керемет өтті! Ұйымдастыру жағы да өте тамаша болды. Медиа тұрғысынан алсақ та, бәрі ойдағыдай өтті. Әлемдегі ең ірі спорт арналарының бірі «Еуроспорттың» өзінен бізге құттықтау келіп түсті, олар да ойындардың өте жоғары деңгейде өткенін атап өтуде. Сондықтан барлығы бақытты деуге болады, бұл елден кеткіміз де келмей қалды. Осында ұзағынан қала алмайтынымыз өкінішті. Бұл өте керемет тәжірибе болды деп айтқым келеді. Мұнда біз адамдардың мейірбандығын, қонақжайлылығын, жоғары сапалы спорт нысандарын көрдік. Алматыда өткен Универсиададан біздің әрқайсысымыз ұмытылмас әсерлермен қайтып отырғанымызға сенімдімін».

FISU ұйымының брендтеу және маркетинг жөніндегі менеджері Адель Файзулина да Алматыдағы Универсиадағыдай көрермендер санын ешбір жерде әлі көрмегенін атап өтті: «Сіздер бүкіл рекордтарды орнаттыңыздар, бұл сөзсіз. Ең бастысы - адамдардың саны емес, керісінше,  адамдар шынымен де іс-шараға келгісі келгені. Мен касса алдында тізіліп, билеттер үшін таласып, жанкүйер болғысы келген халықты көрдім. Олардың барлығы осы жарыстардың қатысушыларын қолдау үшін Қазақстан мен Ресейді ғана емес, сондай-ақ, басқа да елдердің спортшыларына жанкүйер болды. Мен мұндайды жиі көре бермеймін.  Осы жайт сіздердің Универсиада кезінде жасаған ең зор қадамдарыңыз болды».

Сондай-ақ, FISU Қысқы универсиадалардың директоры Милан Августин де Алматыдағы Универсиадаға жоғары бағасын берді: «Халық үйлеріне өте жақсы әсерлерімен қайтуда. Кеше жабылу салтанатында біз спортшылардың бір-бірімен араласып, достық қатынастарды құрып жатқанына куә болдық. Универсиада рухы осылайша жанданды. Жарыстар кезінде олардың бір-бірімен араласуға уақыттары болмады, спортшылар шаршайды, өз шаруалары бар дегендей... Алайда дәл кеше біз олардың спорт думанын тойлап, бәріне дән риза екенін көрдік».  Милан Августин делегация басшыларының соңғы кездесуінде іс-шараға ресми түрде жоғары баға берілгенін, Алматыдағы Универсиада ФИСУ тарихындағы ең үздік іс-шаралардың біріне айналғанын ерекше атап өтті.

Августин мырза Алматыдағы Универсиаданың өткізілуі басқа жерлердегі іс-шаралардан айтарлықтай ерекшеленгенін де атап өтті. Әрбір елдің өз дәстүрі, ділі, сол елде танымал спорт түрлері болады. Алайда Алматыдағы Универсиадада көрермендер саны барлық жарыстарда көп болды. Мәселен, Гранадада (2015 жылғы Қысқы универсиада өткізілген Испания қаласы) және басқа да универсиадаларда көрермендер саны мұншалықты көп болған жоқ. «Мен бірде-бір жарыстың, мұз айдынының бос болғанын көрген жоқпын. Біліктілікті сынау жарыстарында да, ақтық сындарда да, Шымбұлақта да көрермендер өте көп болды. Жастар осы спортшыларды көруі үшін сіздер орасан зор жұмысты атқарып шықтыңыздар. Қалың жұрттың барлық жерден келіп, атлеттерді қолдағанын көргенде, мен қатты таңқалдым. Бұл нағыз керемет дүние болды! Ұйымдастыру комитетінің керемет жұмыс жасап, Универсиада жоғары деңгейде өткенін көру мен үшін үлкен ғанибет. ФИСУ тарихында мұндай Универсиада әлі болған емес!», - деді Милан Августин.