8 ақпан. Күн қорытындысы

Соңғы екі апта бойы көптеген елдің көрермендеріне көзайым болған студенттік спорт думаны да осымен аяқталып бітті. Бүгін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың Жабылу салтанаты өтті. «Алматы Арена» трибуналарына жайғасқан 12 000 көрермен және телеэкран арқылы Салтанатты қалт жібермей тамашалаған есепсіз жанкүйерлер тобы да Ойындардың алауы өшірілген сәтті ерекше толқыныспен бақылап, спорт мерекесімен қимастықпен қоштасты.

Жабылу салтанатында бүгінгі доданың бас сайыпқырандары - медальдерді жеңген атлеттерге, сондай-ақ, спорт алаңында әділ күреске түсіп, жанын салып ойын көрсеткен Универсиаданың басқа да қатысушыларына құрмет көрсетіліп, салтанатты тамашалауға келгендердің барлығы үшін әсерлі музыкалық шоу ұйымдастырылды.

Жабылу салтанатында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттік спорт федерациясының президенті Олег Матыцин, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, сондай-ақ, Красноярск қаласының мэрі Эдхам Акбулатов сөз сөйледі. Акбулатов мырза FISU туын қабылдау, сондай-ақ, 2019 жылы Универсиаданы қабылдайтын Красноярск қаласының бас белгісін таныстырып,  жиналған қалың жұртпен қаланың тарихы мен мәдениетіндегі ең жарқын оқиғалармен бөлісу үшін арнайы Алматыға келді.

Жабылу салтанатының дәл алдында Универсиада алаңында соңғы екі медаль жиынтығы сарапқа салынған болатын. «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде ерлер арасында 30 шақырымға масс-старттан шаңғы бәйгесі өтті. Осы бәсекеде мәре сызығына соңғы метрлер қалғанда тартысты күрес Ресей мен Қазақстан спортшылары арасында өрбіді. Нәтижесінде мәре сызығын бірінші болып ресейлік Дмитрий Ростовцев кесіп өтіп, отандасы Валерий Гонтарь бар-жоғы 0,3 секундқа одан қалып қойды. Жеңіс тұғырына үшінші болып қазақстандық Сергей Малышев (+ 0,5 сек.) көтерілді. 

Сондай-ақ, дәл сол уақытта ерлер арасында хоккей додасының шешуші ойындары өтіп жатты. «Қола» үшін бәстескен Канада құрамасы әрең дегенде Чехияны жеңсе (4:3), «алтын» үшін бұрыннан бәсекелес достар – Ресей және Қазақстан құрамалары алаңда беттесті. Тартысты өткен бәсекенің екі кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасына бірде-бір шайба соға алмады, алайда үшінші жиырма минутта Даниил Ильиннің күшімен ресейліктер есепті ашты. Универсиада қожайындары есе қайтармақ болып, қарсыластарының қақпасын шабуыл астына алғанымен, гол соғуға мүмкіндік туған бірде-бір сәтті өз пайдасына қолдана алмады. Нәтижесінде ойын 1:0 есебімен аяқталып, Ресей «алтынды» жеңді. Ал Қазақстанға «күмісті» місе тұтуға тура келді.

Универсиаданың бейресми командалық есебінде Ресей жасағы бірінші орында келеді (29 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль). Екінші және үшінші орындарға Қазақстан (11, 8, 17) және Корея (11, 5, 5) командалары тұрақтады. Қысқы ойындар кезінде барлығы 85 медаль жиынтығы сарапқа салынып, 26 елдің өкілдері бас жүлделерді еншіледі.

2019 жылы Красноярскте кездескенше күн жақсы, Алматы-2017!