Бауыржан Байбек Алматы әуежайының Универсиадаға дайындығын тексерді

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек оңтүстік астана әуе айлағының 2017 жылғы Универсиадаға дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі. 

Қала басшысы әуежай басшылығы ғимарат ішінде үш тілді навигацияны дайындағанын, жүкті алу уақыты қысқартылып, келу залында декларацияларды толтыруға арналған үстелдердің саны арттырылғанын, қауіпсіздік шараларының күшейтіліп, мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін жағдайлар жасалғанын атап өтті.

Сонымен бірге, әкім әуе айлақ басшылығының назарын әуежай қызметіне кері әсер ететін бірқатар факторларға да аудартты. Атап айтқанда, қызмет көрсету нысандарында ақпарат беретін маңдайша жазулар ілінбеген, бірқатар банкоматтар жұмыс істемейді, көптеген нысандарда қолма-қол ақшасыз төлем жасауға арналған  POS-терминал орнатылмаған, әуежайда сатылатын өнімдердің барлығында үш тілде бағасы көрсетілмеген.

 «Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы санитарлық жағдай төмен деңгейде, осыған ерекше назар аударылды. Тіпті кейбір орындар қала басшылығының келер алдында жабылып қалған. Тексеру қорытындысы бойынша әкім орынбасары Румиль Тауфиковқа барлық олқылықтарды ең қысқа уақыт ішінде түзету міндеті тапсырылды. Сондай-ақ, Байбек мырза жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша БАҚ, блогерлер, және Алматы қоғамдық кеңесі мүшелерінің қатысуымен  әуежайға баспасөз сапарын ұйымдастыру қажет екендігін атап өтті», - делінген хабарламада.

Универсиадаға 30 мыңға жуық қонақ келеді деп күтілуде. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуежайда қосымша бақылау камералары орнатылатын болады.