Сергей Цыбенко: «Универсиада-2017 спорт нысандарында ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады»

Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу жөніндегі дирекцияның Нысандарды басқару және қызмет көрсету департаментінің басшысы Сергей Цыбенко алда келе жатқан Универсиаданың спорт нысандары тиісті әлемдік стандарттардың барлығына қаншалықты сәйкес келетіндігі жөнінде айтып берді.

- Алматыдағы Қысқы универсиада сегіз спорттық нысанда өткізіледі, оның алтауы Алматыда, қалған екеуі Алматы облысында орналасқан, – дейді Сергей Цыбенко. – Ең жаңа екі нысан салынып, пайдалануға берілді: «Алматы-Арена» 12 мың, ал «Халық-Арена» 3 мың көрерменді сыйдыра алады. Сондай-ақ, екі нысанда да сырғанайтын мұзайдыны бар. Нысандардың барлығы қажетті бүкіл заманауи әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, түптеп келгенде, олар ТМД аумағындағы ең үздік спорттық ғимараттардың бірі саналады. Алматы Олимпиада ойындарын өткізуге де өтінім жолдағандықтан, барлық спорттық нысандар және де атлеттер ауылы соңғы технологияларды ескере отырып салынды. Осы нысандарда ең жоғары деңгейдегі халықаралық сайыстарды, соның ішінде олимпиада ойындарын өткізуге болады. Бұл озық үлгіде жетілдірілген, ең заманауи нысандар болып табылады. Сондай-ақ, біздің спорт алаңдарымыз әмбебап, онда спорттық іс-шараларды ғана емес, коммерциялық, ойын-сауық түріндегі іс-шараларды өткізуге болады. Бізде осыған дейін салынып қойылған нысандар, атап айтқанда, шаңғы трамплиндер кешені, «Медеу» жоғары таулы мұзайдыны, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы туралы айтар болсақ, онда бірқатар қайта құру жұмыстары жүргізіліп, кез келген жарыстарды өткізуге жағдай жасайтын ең соңғы жабдық сатып алынды. Алматыдағы Универсиада туралы хабар әлемнің 100-ден аса елінде таратылады, оны тамашалайтын көрермен саны шамамен 1 миллиардты құрамақ. Сондықтан біздің бүкіл нысандарымыз барлық халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкестендіріліп, барлық сертификаттар, соның ішінде телевизия мамандарынан және спорт саласындағы құзыретті тұлғалардан сертификаттардың барлығы алынды.

- Әдетте спорт нысандарына тексеру қалай жүргізіледі және халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы сертификаттар қанша мерзімге беріледі?

- Қысқы универсиада Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) қамқорлығы аясында өткізіледі, дегенмен қысқы спорт түрлері бойынша барлық халықаралық федерациялардың бақылауында болады. Әрбір федерация жарыстар өткізілетін уақытта өзінің техникалық делегатын жібереді. Біз барлық стандарттар мен талаптарды олармен күнделікті түрде мақұлдастырып отырамыз, өйткені нысандар халықаралық федерацияның сертификаттары мен рәсімдеріне сәйкес келмейтін болса, бірде-бір жарыс басталмайды.

Сертификаттар белгілі бір мерзімге беріледі, әрбір халықаралық федерацияда оның мерзімі әртүрлі болады. Мысалы, тау-шаңғы спортында сертификат бірнеше жылға беріледі. Ал хоккей, коньки, шорт-трек секілді спорт түрлері туралы айтар болсақ, жыл сайын геодезия туралы сертификатты алу қажет. Бұл сертификат мұз алаңы, жолдар мен мұз бетінің ені дұрыс белгіленгенін растайды. Халықаралық жарыстарды өткізу үшін рұқсаты мен лицензиясы бар сертификатталған маман келіп, ол бүкіл белгілеу жұмыстарын жүргізеді. Шаңғы спортында осыған ұқсас сертификат беріледі. Бұл үшін жолдарды, ылдиы мен өрін өлшеп беретін маман шақырылады. Бүкіл жұмыс қатаң реттелген, өйткені спортшылар, көрермендер мен төрешілердің қауіпсіздігі осыған тәуелді. Біздің нысандарымыздың барлығы толығымен бүкіл тексерулерден өтіп, қажетті сертификаттарды алған.

 - Демек, Универсиада аяқталған соң да біз өзімізде аса ауқымды жарыстарды өткізе аламыз ғой?

- Алматыдағы Қысқы универсиаданың басты міндеттерінің бірі де осында жатыр, яғни осындай ауқымдағы жаһандық және имидждік іс-шараға дайындалу аясында өзіміздің спорттық базамызды ретке келтіріп, жаңа нысандарды салу көзделген. Сондай-ақ, біз ұрпағымызға қалдырар спорттық мирасымыз туралы да ұмытпауымыз қажет. Мысалы, «Халық Арена» және «Алматы Арена» секілді екі мұз алаңын алайық: біз жаңа жылға дейін қалың жұртшылықтың онда тегін сырғанауына мүмкіндік бердік. Оның нәтижесі орасан зор болды, көптеген адамдар келді, осылайша біз оларды спортқа тарта алдық. Бұл осы екі алаңның қаланың шеткейіндегі аудандарда орналасқаны арқасында мүмкін болды. Бұл аудандардың тұрғындарында «Медеуге» немесе қаланың орталығына барып тұруға әрдайым мүмкіндік бола бермейді, ал осы мұз алаңдарының салынуы осы мәселені шешті. Осыны мирас деп айтуға болады. Біз спорт нысандарын қала орталығында ғана емес, сондай-ақ, қала шетіндегі аудандарда да салуымыз қажет. Қайталап айтып өтейін, Универсиада арқасында біз кез келген деңгейдегі жарыстарды, тіпті олимпиада ойындарына шейін өткізуге мүмкіндігіміз бар.