Андрей Вервейкин: «Алматыдағы Универсиадада Қазақстан тұңғыш рет әйелдер арасындағы трамплиннен секіру жарыстарына қатыспақ»

Қазақстанның Трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы жөніндегі федерациясының президенті Андрей Вервейкин almaty2017.com сайтына берген сұхбатында өз елімізде өтетін Қысқы универсиадаға қазақстандық спортшылардың дайындығы жөнінде айтып берді.

- Біздің трамплиннен секіру бойынша ерлер құрамамыз жарысу жағынан тәжірибе жинақтау үшін Еуропаға жүріп кетті, – дейді Андрей Вервейкин. – Олар 22 қаңтарда елге оралып, тағы бір апта Алматыда жеке-жеке жаттығатын болады. Ереже бойынша біз үш спортшыны қатыстыруға құқығымыз бар. Қазір екі спортшы анықталып қойған: Универсиадада Сабыржан Мүмінов және Сергей Ткаченко ойын көрсетеді. Үшінші орынға екі адам үміткер болып отыр. Спортшыларымыз Алматыға оралған соң, бақылау жаттығу нәтижелері бойынша үшінші спортшыны анықтаймыз.

Сондай-ақ, Қазақстанның шаңғы қоссайысынан құрамасы да құрлықтық кубок жарыстарына қатысу үшін Еуропаға жөнелді. Шаңғы қоссайысының құрамасындағы жағдай да трамплиннен секіру бойынша құраманың жағдайымен ұқсас: Шыңғыс Рақпаров және Айбек Әлі команда құраманы енді, ал үшінші орын әлі бос. Сондай-ақ, сөз орайында айтып өтейін, Қазақстан тұңғыш рет әйелдер арасындағы трамплиннен секіру жарыстарына қатыспақ, ел намысын Даяна Ахметвалиева қорғайтын болады.

Bnews.kz фотосурет

- Спортшылардың алдында қандай міндеттер қойылған?

- Алдағы міндет – өз елімізде өтетін Универсиадада трамплинннен секіру жарыстарында және шаңғы қоссайысында ел намысын лайықты деңгейде қорғау. Нақты міндеттерді ойымызда ұстап, ең жоғары нәтижелерді көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз.

- Қарсыластарыңыз кім болатындығы жөнінде ақпаратыңыз бар ма?

- Иә, белгілі бір ақпарат бар. Трамплиннен секіру жарыстарына 21, ал шаңғы қоссайысына 13 ел қатысатыны алдын ала белгілі болып отыр.