Андрей Невзоров: «Универсиада Алматыда шаңғы спортының дамуына қозғау салмақ»

Қазақстан Республикасының Шаңғы жарыстары жөніндегі ұлттық федерациясының бас хатшысы Андрей Невзоров Алматыда Қысқы универсиаданы өткізудің пайдасы жөнінде былай ой бөлісті:

«Қазір шаңғы спортын насихаттау қажет, өйткені бұл ұлт денсаулығы ғой. 90-шы жылдары елімізде қысқы спорт түрлерін ұмытып, жазғы спорт түрлеріне көбірек көңіл бөлінгені ешкімге жасырын емес. Неге бұлай болғанын білмеймін, алайда жағдай сондай болатын. Біздің дәстүрлеріміз жақсы, жетістіктеріміз биік және спортшыларымыз мықты болатын. Қазақстан солтүстігіндегі халық шаңғы спортына жақын болғаныен, Алматыда оған өте аз көңіл бөлінеді. Алайда Универсиада секілді имидждік жобалардың арқасында, демеушілер мен қолдаушылардың назар аударуы арқасында шаңғы спортына назар аударылып, қазір оған қолдау көрсетілуде. Келешекте шаңғы спортының танымалдылығын арттыру үшін Алматыда барлық жағдайлар бар. Мұнда спорттық нысандар, қар, трассалар бар емес пе. Енді оны қолжетімді ете түсу қажет. Мысалы, Солдат шатқалындағы нысан 100 пайызға жұмыс жасап, шаңғыларды жалға беріп, қызмет көрсете бастаса, адамдар сонда барып, шаңғы тебетіні сөзсіз».

Сөз орайында айтып өтелік, желтоқсан соңында «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде Қазақстанның шаңғы жарыстары бойынша кубогы өтіп, оның қорытындысы бойынша Қысқы универсиадаға қатысатын қазақстандық команданың құрамы анықталды. Әйелдер командасына Анна Шевченко, Ирина Быкова, Анна Стоян, Ольга Мандрика, Анжелика Тарасова, Валентина Эбель, Ангелина Шурыга кірді. Дарья Ряжко, Наталья Соколовская және Валерия Тюленева резервтік тізімде болады. Ерлер арасында Қазақстан намысын Александр Малышев, Сергей Малышев, Олжас Климин, Виталий Пухкало, Иван Люфт, Константин Борцов, Ринат Мухин қорғамақ. Резеврке Әсет Дүйсенов, Наиль Башмаков, Евгений Бондаренко кіріп отыр.

«Бірқатар тәжірибелі спортшы қыздарымыз бір уақытта мансаптарын аяқтаған соң, әйелдер командасының қатары сиреп қалды. Қазір жастар өсіп, Әлем кубогының кезеңдерінде лайықты деңгейде нәтижелер көрсетуде. Бірінші кезекте, Анна Шевченко, Анна Стоян, Ирина Быкова туралы айтып отырмын, олар команданың ұйытқысы. Қазірдің өзінде қыздарымыз олимпиада лицензиясы үшін күрес жүргізуде. Ал Алматыдағы Универсиада лицензияларды жеңіп алу кезіндегі бір кезеңге айналмақ. Универсиаданы өз жерімізде өткізе отырып, біз жоғары нәтижені көрсету үшін бүкіл күшімізді салмақпыз», - деді Андрей Невзоров.

Естеріңізге салып өтелік, 2015 жылғы Қысқы универсиада кезінде қазақстандық шаңғышылар бес медальді, яғни екі алтын және үш күмісті жеңіп алған болатын. Елімізге жеке жарыстарда екі алтынды және бір күмісті Анастасия Слонова сыйлады.