«Қазақстан Универсиада қатысушыларының барлығын жылы қарсы алмақ» - Тәуекел Мүслім

Белгілі қазақстандық актер, әнші және тележүргізуші, 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданың елшісі Тәуекел Мүслім қазақстандық спортшылар лайықты деңгейде ойын көрсетіп, үлкен жеңістерге жетеді деп үміттенеді. Актер алда келе жатқан сайыстар жоғары деңгейде өтетініне сенімді.

- Универсиадаға қатысты үміттерім зор. Еліміз жарыс қатысушыларының барлығын жылы шыраймен, кең қонақжайлылығымен қарсы алады деп ойлаймын, - деді Тәуекел Мүслім. – Қысқы спорт түрлері ішінде мен шаңғы мен сноубордты ұнатамын. Көңілімнің төрінен орын тепкен осы спорт түрлерімен белсенді түрде шұғылданып жүргеніме үш жылдың жүзі болды. Жалпы айтқанда, спорт түрлерінің әуесқойымын, қызығушылығым көбіне-көп осылармен байланысты.

- Универсиада кезінде тағы қандай жарыстарды тамашалар едіңіз?

- Хоккейді атап өтер едім, мен осы спорт түрінен өткен жарыстарға барып көрген емеспін. Универсиада кезінде мүмкіндік болса, міндетті түрді осы спорт түрлеріне барып, біздің спортшыларымызға жанкүйер боламын.

- Ал өзіңіз хоккей ойнап үйренгіңіз келмейді ме?

- Әрине, бұл қызықты болар еді, алайда менің жасымда хоккей ойнап үйрену маған қиынға соғады, өйткені оны жастайынан бастау қажет қой. Ал жалпы мен хоккей адамның шапшаңдығын, реакциясын, қимыл-қозғалысын үйлестіруді дамытады деп есептеймін. Қайталап айтайын, бұл ерлер үшін ең жақсы спорт түрі.

- Үш жыл бұрын шаңғыға тұрдым дедіңіз, алғашқы жаттығуыңыз есіңізде ме?

- Иә, өте жақсы есімде. Өзім кейде таңқалатыным, Алматыда туып-өсіп, бүкіл өмір бойы осында тұрып жатқаныма қарамастан, сол күнге дейін шаңғы теуіп көрмеппін, тіпті ол туралы ой да болмаған. Бір күні мені шаңғы тебуге шақырды, мен бардым. Басқа адамдар қалай шаңғы теуіп жүргенін көріп, байқап көрсем қайтеді деп ойладым. Нұсқаушыны жалдадым, шаңғыға тұрып, сырғанап көрдім, нәтижесінде маған ол қатты ұнады. Әрине, бәрі бірден қолымнан келмеді, алайда үшінші рет барғанымда өзімді сенімдірек сезініп, шаңғы тебуден рақат алдым. Мен шаңғыдан бастадым, алайда соңғы уақытта сноубордта көбірек сырғанап жүрмін. Мені шаңғыға қарағанда сноуборд қатты қызықтырып жүр. Мен өзім экстрим, жылдамдық, осылармен байланысты дүниелердің бәрін жақсы көремін. Жазда менде Америкада түсірілім өтті, сноубордпен шұғылдану үшін бүкіл керек-жарақтың бәрін сонда жүргенде сатып алдым. Қысты, қарды асыға күткенім есімде. Осы маусым ішінде үш рет сырғанап көруге мүмкіндік болды.

- Жұмыс бабы бойынша сіз әрдайым жақсы дене қалпында жүруіңіз қажет. Оны қалай сақтап жүрсіз?

- Міндетті түрде жаттығу залына барып тұрамын, жүзумен шұғылданамын. Оған қоса, футбол ойнаймын, шоу-бизнес және кино жұлдыздарынан құралған «Алатау» футбол командасының мүшесімін. Уақытым тек осыларға ғана жетеді, алайда жаңа дүниелерді игергенді ұнатамын, алайда оған уақыт тапшы.

- Универсиадада өнер көрсететін қазақстандық спортшыларға қандай тілек айтқыңыз келеді?

- Спортшыларымызға табыс, сәттілік тілеймін. Еліміздің намысын лайықты түрде қорғап, алтын медальдерді көптеп жеңсін, ал біз, қарапайым жанкүйерлер ретінде оларды мақтан тұтсақ, спортшыларымыз туралы бүкіл әлем білсе екен деп тілеймін!

Естеріңізге салып өтелік, Қысқы универсиада-2017 елшісінің басты миссиясы – студенттік спорт, туризм және салауатты өмір салтын ұстану қағидаларын тарату және дамыту. «Универсиада елшісі» деген құрметті атақ өз қызметі және үлгі бола білуі арқылы Универсиаданың құндылықтарын насиғаттауға жәрдемдесе алатын Қазақстан Республикасы азаматтарына беріледі.

Осыған дейін 2016 жылғы олимпиада чемпионы, жүзгіш Дмитрий Баландин, кәсіби бокстан әлем чемпионы Қанат Ислам, волейболшы Сәбина Алтынбекова, танымал әншілер Али Оқапов, Нұржан Керменбаев және тағы да басқа тұлғалар Универсиада елшілері болып таңдап алынған болатын.